Жезқазғанда 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қатаң бақылауда
Жезқазған қаласында тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. 2018 жылдан бері бюджет есебінен кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алып, осы уақытқа дейін 16 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген.
Биыл қалада тағы екі көпқабатты несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Соның бірі Батыс тұрғын үй ауданында, Алашахан даңғылы, 34Л мекенжайында бой көтеріп жатыр. Жоба толықтай бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Тапсырыс беруші — «Жезқазған қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі, ал мердігер — «САМҒА» ЖШС.
Құрылыс нысаны бірнеше блоктан тұрады: 4, 5 және 6 қабатты. Жалпы саны 90 пәтер қарастырылған. Оның ішінде 30 бір бөлмелі (37–41 ш.м), 30 екі бөлмелі (52–57 ш.м) және 30 үш бөлмелі (68 ш.м) пәтер бар. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 5,4 мың шаршы метр болса, оның 4,8 мың шаршы метрі — пәтерлерге тиесілі.
Қазіргі таңда құрылыс сапасына ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, ғимараттың негізгі конструкцияларының бірі саналатын бетонның беріктігі арнайы зертханалық тексерістен өтуде. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіліп, нысанның техникалық қауіпсіздігі мен сапа стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тексеру шараларын «Қарағандылық эксперттік-аудиторлық агенттігі» зертханасының мамандары жүзеге асыруда. Зертханалық талдаулардың нәтижелері құрылыс сапасын жан-жақты бағалауға және нысанды пайдалануға беру алдында барлық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жалпы, бұл жоба — қала тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.