Басты жаңалықҰлытау тынысы
Тренд

Ұлытау ауданында құрылыс барысы пысықталды

Облыс әкімі Дастан Рыспеков Ұлытау ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдегі бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Сапар аясында жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ азаматтардың жеке мәселелерін тыңдап, көтерілген сұрақтардың шешімін бақылауына алатынын жеткізді.


Өңір басшысы алдымен жабық бассейн құрылысына барып, нысанды жаңа оқу жылына дейін толық аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, бассейннің алдағы уақытта тиімді жұмыс істеуі үшін спорт секцияларын алдын ала ашу, білікті мамандар тарту және нысанның өзін-өзі қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажеттігін атап өтті.

Сапар барысында облыс әкімі Рәміздер алаңын да аралап, абаттандыру және қоршау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге емханасы бар аурухана құрылысының барысына назар аударып, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Бұл бағытта медициналық кадрларды алдын ала даярлау, көтермеақы мәселесін уақытылы шешу де жауаптыларға жүктелді.

Облыс әкімі Ұлытау – Арқалық бағытындағы автомобиль жолының құрылыс жұмыстарымен де танысып, асфальт төсеу қарқынын бағалады. Жол жөндеу кезінде тұрғындарға барынша қолайсыздық туғызбау қажеттігін ерекше атап өтті.

Back to top button