“Өткенге құрмет – тіріге міндет”: Жезқазғанда зираттарды тазалау сенбілігі өтеді

2026 жылдың 10 мамыр күні Жезқазған қаласында Ұлытау облысы мешітінің өкілдігі ұйымдастыруымен “Өткенге құрмет – тіріге міндет” атты кең көлемді сенбілік өтеді. Игі шараның негізгі мақсаты – зират маңын тазалау, абаттандыру жұмыстарын жүргізу және ата-баба рухына тағзым ету.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама қоғам арасында тазалық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, өткенге деген құрметті арттыруға бағытталған. Қазақ халқы үшін ата-баба жатқан жер қашанда киелі саналған. Сондықтан зираттардың маңын таза ұстап, күтім жасау – әр азаматтың адамгершілік әрі рухани борышы.
Сенбілік барысында зират аумақтарын қоқыстан тазарту, шөп шабу, айналаны ретке келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Игі іске мешіт қызметкерлері, еріктілер, жастар және қала тұрғындары қатысады деп күтілуде.
— Ата-баба рухына құрмет көрсету – ұлт тәрбиесінің бір бөлігі. Киелі орындардың тазалығы мен күтімі баршаға ортақ жауапкершілік. Сондықтан тұрғындарды осы сауапты іске белсенді қатысуға шақырамыз, — дейді ұйымдастырушылар.

Сенбілікке өз еркімен қатысамын деуші азаматтар үшін екі бағыт бойынша автобустар қарастырылған. Бұл тұрғындардың қатысуына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
“Өткенге құрмет – тіріге міндет” атты шара — тек тазалық жұмысы ғана емес, ұрпақ сабақтастығын, ұлттық құндылықтарды және үлкенге деген құрметті дәріптейтін маңызды бастама. Ұйымдастырушылар барлық қала тұрғындарын игі іске атсалысып, туған жердің тазалығына үлес қосуға шақырады.