
Жеңіс күні қарсаңында аудан көлемінде тыл және соғыс ардагерлеріне ерекше құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков тыл ардагерлерінің үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Ел басына күн туған ауыр кезеңде тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды. Сонымен қатар арнайы құттықтау хаттары ұсынылып, ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан елеулі еңбектері үшін арнайы дайындалған төсбелгілер тағылды.
Кездесу барысында аудан басшысы тыл ардагерлерінің ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлкен тағылым екенін атап өтіп, оларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тіледі.
Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Ел бірлігі мен тыныштығының қадірін ерекше атап өткен қариялар жастарға татулық пен еңбекқорлықтың маңызын жеткізді.

Айта кету керек, бүгінде ауданымызда 13 тыл ардагері тұрады. Жеңіс күніне орай аудандық бюджет есебінен әрбір ардагерге 200 мың теңгеден әлеуметтік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар аудан әкімі атынан жергілікті әкімдер арқылы арнайы құттықтаулар мен сый-сияпаттар табысталды.

Сондай-ақ Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагеріне де ерекше құрмет көрсетілді. Ардагерді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі мен Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық драма театры ұжымы бірлесіп құттықтады.

Отан алдындағы өлшеусіз ерлігі мен қажырлы еңбегі үшін алғыс айтылып, ардагер шаңырағында әсем әуен мен жылы лебіздер асқақтады. Бұл – аға буынға деген құрмет пен тағзымның айқын көрінісі.
Ардагерлеріміз аман болып, ел тыныштығы мен бірлігі нығая берсін! Ер есімі – ел есінде!