Басты жаңалықҚоғам

Қаражалда Қонаев атындағы заманауи аллея бой көтермек

Қаражал қаласында көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілетін жаңа аллеяның эскиздік жобасы таныстырылды. Болашақ қоғамдық кеңістік Мұқағали Мақатаев көшесінің бойында орналасып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналмақ.

Жоба «Ұлытау» ӘКК» АҚ тарапынан әзірленген. Аллея заманауи талаптарға сай абаттандырылып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы орта қалыптастыру көзделіп отыр.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі — Қазақстанның дамуына зор үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевтың бюстін орнату. Сәулеттік композиция аллеяның орталық бөлігіне айналып, мәдени-рухани маңызы бар нысан болмақ.

Эскиздік жоба аясында:
– серуендеу аймақтарын абаттандыру;
– заманауи жүгіру және веложолдар салу;
– аумақты көгалдандыру және жаңа ағаштар отырғызу;
– жарықтандыру жүйелері, орындықтар мен шағын сәулеттік формалар орнату;
– демалыс және қоғамдық іс-шаралар өткізу аймақтарын ұйымдастыру;
– Д.А. Қонаев бюсті маңын сәндік безендіру жұмыстары қарастырылған.

Жобаның негізгі мақсаты — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, қауіпсіз әрі эстетикалық тартымды қалалық орта қалыптастыру. Сонымен қатар, жаңа аллея тарихи мұраға деген құрметтің символына айналып, қаладағы маңызды мәдени кеңістіктердің біріне айналады.

Back to top button