Денсаулық

Онкологиялық аурулардың алдын алатын екпе туралы не білеміз?

Ұлытау облысында 14–17 жастағы қыздарға адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы қосымша вакцинация жүргізіледі. Бұл туралы Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.

Департамент басшысы Елена Ткаченконың айтуынша, биыл өңірде 11–13 жас аралығындағы қыздарға АПВ-ға қарсы 443 профилактикалық екпе салынған. Егілгендер арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген.

Айта кетейік, АПВ-ға қарсы вакцинация жатыр мойны обыры секілді онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысына сәйкес, енді 14–17 жас аралығындағы қыздарға да қосымша вакцинация жүргізіледі.

Екпе «Гардасил» вакцинасы арқылы үш кезеңмен салынады:
– бірінші доза – таңдалған күні;
– екінші доза – 2 айдан кейін;
– үшінші доза – 6 айдан кейін.

Мамандардың айтуынша, вакцинация ерікті түрде жүргізіледі. Екпе ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген емханаларда салынады.

Back to top button