
Жезқазған қаласында бой көтеріп жатқан жаңа Оқушылар сарайының құрылысы аяқталу сатысына жақындаған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, заманауи орталық 1 маусым – Балалар күніне орай салтанатты түрде пайдалануға берілуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Жезқазғанда өткен іргетас қалау рәсімінде бұл нысан өңірдегі балалар мен жасөспірімдер үшін қосымша білім беру мен дамуға арналған флагман орталық болатыны айтылған еді. Жобаның жалпы құны шамамен 7 миллион долларды құрайды.

Оқушылар сарайында STEM-зертхана, робототехника, медиаорталық, хореография және жекпе-жек залдары, музыка кабинеттері мен сенсорлық бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар, ғимарат аумағында балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары мен жасыл желек те орналастырылады.
Жобаны «Болат Өтемұратов Қоры» толық қаржыландырып, аяқталғаннан кейін нысан Жезқазған қаласы әкімдігінің балансына өтеусіз беріледі.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғаны айтылуда. Егер жоспар өзгермесе, жаңа Оқушылар сарайы 1 маусым – Халықаралық балалар күні қарсаңында ресми түрде ашылуы мүмкін.