Қоғам

Қарттарға да, балалы аналарға да қолайлы жағдай жасалуы керек

Ұлытау облысында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне бақылау күшейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаменті жүргізіп отыр.

Мамандардың айтуынша, негізгі мақсат — өңірде кедергісіз орта қалыптастырып, барлық нысанның қолжетімділік стандарттарына толық сай болуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты тексерулер барысында пандустардың сапасы, санитарлық тораптардың ыңғайлылығы, кіреберістер, лифтілер, тактильді бағыттағыштар мен қозғалыс жолдарының талапқа сәйкестігі жан-жақты қаралуда.

Сонымен қатар департамент тарапынан профилактикалық бақылау жүргізіліп, азаматтар мен ұйымдардан түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс тексерулер де қолға алынған. Мамандар тек бақылаумен шектелмей, мекемелерге түсіндіру жұмыстарын да тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Сала өкілдерінің сөзінше, қазіргі таңда жаңа Құрылыс кодексінде нысандардың қауіпсіздігіне, функционалдылығына және қолжетімділігіне ерекше басымдық берілген. Осыған сәйкес, 1 шілдеден бастап аумақтық департаменттерге Сәйкестік декларациясын келісу құзыреті берілмек. Бұл құжат нысанның құрылыс және жобалық талаптарға толық сай екенін растайды.

Мамандар қолжетімді орта тек мүгедектігі бар адамдар үшін ғана емес, қарттар, балалы аналар және уақытша қозғалысы шектелген азаматтар үшін де маңызды екенін атап өтті. Сондықтан нысандардың ыңғайлылығы құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескерілуі тиіс.

Айта кетейік, қолжетімділік талаптарын сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 83-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Back to top button