Денсаулық

Ұлытау облысында мүгедектік бойынша 10 мыңнан астам адам тіркелген

Ұлытау облысында бүгінде мүгедектігі бар 10 609 адам тіркелген. Бұл өңір халқының 4,9 пайызын құрайды. Оның ішінде 9 678-і – ересектер, 931-і – 18 жасқа дейінгі балалар. 2026 жылдың алғашқы төрт айында облыста алғаш рет 205 адам мүгедек деп танылса, оның 64-і балалар болған.

Мамандардың мәліметінше, ересектер арасындағы мүгедектікке әкелетін негізгі себептердің қатарында қан айналымы жүйесінің аурулары, қатерлі ісіктер және кәсіптік аурулар бар. Ал балалар арасында психикалық аурулар мен аутизм жағдайларының өсуі байқалады. Бұл ерте диагностиканың жақсаруы, дәрігерлер біліктілігінің артуы және скринингтік тексерулердің енгізілуімен байланыстырылады.

Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптама сырттай және проактивті форматта жүргізілуде. Бұл азаматтарға қажетті қызметтерді үйден шықпай алуға мүмкіндік беріп, бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Биылғы төрт айда Ұлытау облысында сырттай форматта мүгедектікті белгілеу бойынша 401 өтінім қаралған. Бұл жалпы куәландырулардың 31,83 пайызын құрайды.

Сонымен қатар республика көлемінде медициналық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта мұндай 167 жағдай тіркелген. Алайда Ұлытау облысында мұндай заңбұзушылықтар анықталмаған. Мамандар медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіндегі ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Back to top button