Басты жаңалық
Тренд

Жезқазғанда бұрын-соңды болмаған шығармашылық орталық ашылды

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жезқазған қаласында жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Заманауи білім беру және шығармашылық кеңістігі Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен салынды.

Қаланың Батыс ауданында орналасқан жаңа орталық өңір балаларының қосымша білім алып, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Өндірістік тарихы терең Жезқазған үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Себебі балалардың жан-жақты дамуына арналған осындай заманауи нысан қалада соңғы жетпіс жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет бой көтеріп отыр.

Жобаның жалпы құны 4 миллиард теңгені құрады. Болат Өтемұратов Қоры орталықты толықтай қаржыландырып, оны қалаға тарту ретінде табыстады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жаңа орталықтың өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

– Өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы өскелең ұрпаққа салынған инвестициямен тікелей байланысты. Жаңа «Шабыт» орталығы балалардың білім алып, өз қабілеттерін дамытуына, технология, шығармашылық және спортпен заманауи жағдайда айналысуына мүмкіндік береді. Мұндай жобалар жастардың өз болашағына деген сенімін қалыптастырады, – деді облыс әкімі.

Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде балалардың қызығушылығына сай әртүрлі бағыттағы кабинеттер мен студиялар қарастырылған. Мұнда арт-студия, қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, физика, математика, жаратылыстану және робототехника кабинеттері бар STEM-аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар цифрлық өнер және графикалық дизайн студиясы, фотостудия, музыка сыныптары, шахмат кабинеті мен кең акт залы орналасқан.

Орталықта барлығы 14 оқу кабинеті, қызметкерлерге арналған арнайы аймақтар, медициналық кабинет және коворкинг кеңістіктері қарастырылған. Ғимарат бір мезетте 250 баланы қабылдай алады. Сабақтар тегін және бірнеше ауысымда ұйымдастырылатындықтан, орталық күніне 600-ге дейін баланы қамтуға мүмкіндік береді.

Кешеннің жалпы аумағы 1,6 гектарды құрайды. Мұнда спорт және ойын алаңдары, сондай-ақ тұрғындарға арналған абаттандырылған қоғамдық кеңістік салынған. Жобаны әзірлеу кезінде инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше назар аударылған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін барлық қажетті жағдай жасалып, арнайы сенсорлық бөлме жабдықталған.

Болат Өтемұратов Қоры Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман бұл бастаманың балалар мен жастардың болашағына бағытталған маңызды инвестиция екенін айтты.

– Білім беру саласын қолдау және балалардың жан-жақты дамуына арналған инфрақұрылым қалыптастыру – Қор қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларды елдің адам капиталына салынған ұзақ мерзімді инвестиция деп есептейміз. Жаңа орталық өңір балаларының сапалы қосымша білім алып, шығармашылық әрі кәсіби тұрғыдан дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз, – деді ол.

Салтанатты рәсімге Ұлытау облысы мен Жезқазған қаласының басшылығы, Болат Өтемұратов Қоры мен «Верный Капитал» компаниялар тобының өкілдері, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері, депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.

«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов құрылыс барысында сапа мен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

– Біз үшін бизнестің табысы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, қоғамға тигізген нақты пайдасымен де өлшенеді. Сондықтан білім мен өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау – басты құндылықтарымыздың бірі. Бұл орталық балалардың білім алып, шығармашылығын шыңдап, жаңа достар тауып, болашақ мүмкіндіктеріне жол ашатын маңызды орынға айналады деп сенеміз, – деді ол.

Жезқазғандағы жаңа «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы Болат Өтемұратов Қоры жүзеге асырған ірі әлеуметтік жобалардың қатарын толықтырды. Қор соңғы 12 жыл ішінде еліміздің әр өңірінде маңызды әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салуға бастамашы болды. Олардың қатарында Есік пен Қосшы қалаларындағы мектептер, Қызылордадағы жаңа әуежай және Қосшыдағы комьюнити-орталық бар.

Қордың мәліметінше, ұйым құрылған 2014 жылдан бері білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, экология, инклюзия және өңірлерді дамыту бағытындағы жобаларға 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген.

Back to top button