Қоғам

Облыста тұтынушыларға 34 миллион теңге қайтарылды

Ұлытау облысында биылғы бес айда тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына қатысты 111 өтініш қаралды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлытау облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Жанат Даулетбаев мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, түскен шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына тиесілі. Оның үлесі – 70 пайыз. Сонымен қатар тұрмыстық қызметтерге қатысты шағымдар 15 пайызды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы 10 пайызды құраған. Өтініштердің нәтижесінде тұтынушылардан түскен талаптардың жалпы сомасы 36 миллион теңгені құраса, оның 34 миллион теңгесі азаматтарға қайтарылған. Яғни шағымдардың 89,25 пайызы оң шешімін тапқан.

Биыл департаментке 63 өтініш жедел желі мен Telegram-бот арқылы, ал 48 өтініш e-Otinish порталы арқылы келіп түскен. Мамандар соңғы уақытта интернет арқылы сауда жасауға байланысты шағымдардың көбейгенін атап өтті. Көп жағдайда тұтынушылар тауарды қайтара алмай немесе төленген қаражатын өндіріп ала алмай жатады. Сондықтан онлайн сауда кезінде сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеру ұсынылады. Сондай-ақ азаматтарға тегін қызмет немесе жеңілдік ұсынып, қымбат тауарларды несиеге рәсімдеу жағдайлары да кездесуде. Осындай жағдайда тұтынушылар өз құқықтарын біліп, алдымен сатушыға жазбаша наразылық жолдауы қажет.

Департамент өкілдері чек жоғалған жағдайда да тұтынушы өз құқығын қорғай алатынын еске салды. Тауарды сатып алғанын банк төлемі, скриншоттар, куәгерлердің айғақтары, жеткізу құжаттары немесе фото-бейне материалдар арқылы дәлелдеуге болады. Тұтынушылық құқықтары бұзылған азаматтар e-Otinish порталы арқылы өтініш жолдай алады немесе Жезқазған қаласы, Шевченко көшесі, 36 мекенжайындағы департаментке жүгініп, тегін құқықтық кеңес ала алады.

Back to top button