Ұлытау облысында 1 098 мүгедектігі бар бала тіркелген

2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлытау облысында мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны 11 160 адамды құрады. Оның ішінде 1 098-і немесе 9,8 пайызы – мүгедектігі бар балалар.
Мамандардың мәліметінше, ерекше қажеттілігі бар балалардың 338-і 7 жасқа дейінгі болса, 760-ы 7 мен 18 жас аралығында. Өңірде мұндай балаларды әлеуметтік қорғау және қолдау жұмыстары бірнеше бағытта жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында 244 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Бұл отбасыларда 1 197 адам тұрады, оның ішінде 797-сі – балалар.
Мүгедектігі бар балаларды оңалту мақсатында техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету шаралары да жүргізілуде. Жыл басынан бері 44 бала протездік-ортопедиялық көмек алды. Сонымен қатар 9 бала кресло-арбамен, 310 бала міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілсе, 19 бала санаторлық-курорттық ем қабылдаған. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инватакси қызметі де қолжетімді. Қазіргі уақытта бұл қызметті 9 бала пайдаланады. Оның ішінде 6 бала Жезқазған қаласында, 3 бала Сәтбаев қаласында тұрады.
Балаларды әлеуметтік қорғау жұмыстары арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі арқылы да жүзеге асырылуда. Бүгінде облыста 7 лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Үйде әлеуметтік көмек көрсететін 5 бөлімше арқылы 287 бала қамтылған. Ал үкіметтік емес ұйымдар жанындағы екі күндізгі орталықта психоневрологиялық патологиясы бар 50 бала арнайы қызмет алады. Отбасыларды қолдау мақсатында Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалаларында, сондай-ақ Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында 5 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық-консультациялық көмек көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, өңірде балаларды, оның ішінде мүгедектігі бар балаларды әлеуметтік қорғау жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Негізгі мақсат – әр баланың қажетті қолдау шараларына қол жеткізуіне жағдай жасап, арнайы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру.