Ұлытау облысында 11 нысанға айыппұл салынды

Ұлытау облысында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарында кедергісіз орта талаптарының сақталуына тұрақты бақылау жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды Ұлытау облысы бойынша Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті жүзеге асырады.
Департамент әлеуметтік нысандар мен көлік инфрақұрылымдарының мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде тексерулер жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын да қатар алып барады. Бақылау профилактикалық тексерулер, жоспардан тыс тексерулер және азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштері негізінде ұйымдастырылады.
2025 жылы және биылғы жылдың өткен кезеңінде барлығы 63 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 15-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 21-і жоспардан тыс тексеру, ал 27-сі көлік прокуратурасының тапсырмасы бойынша өткізілген. Тексеру қорытындысы бойынша 18 нұсқама беріліп, 11 нысанға жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған. Бақылау барысында нысандардың қолжетімділігі жан-жақты қаралады: пандустардың талапқа сәйкестігі, санитарлық тораптар, кіреберіс топтары, лифтілер, тактильді бағыттаушылар, қозғалыс жолдары және басқа да инфрақұрылым элементтері тексеріледі.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа ҚР Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты құрылыс процесіне қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігі арта түспек. Енді басты талап тек нысанды салу емес, оның сапасын, қауіпсіздігін және барлық азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету болып отыр. Осыған сәйкес, аумақтық департаменттерге мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділік талаптары бойынша сәйкестік декларациясын келісу құзыреті берілді.
Сәйкестік декларациясы деген не? Сәйкестік декларациясы – салынған нысанның заңнама талаптарына, құрылыс нормаларына және жобалық құжаттамаға толық сәйкес келетінін растайтын ресми құжат. Бұл құжат нысанды пайдалануға беру үшін міндетті болып табылады және құрылыс аяқталғаннан кейін рәсімделеді. Яғни, ол нысанның қауіпсіз пайдалануға дайын екенін және барлық талаптарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділік нормаларына сай екенін растайды.
Кедергісіз орта құру тек мүгедектігі бар азаматтар үшін ғана емес, қарттар, бала арбасын пайдаланатын аналар және уақытша жарақат алған тұрғындар үшін де маңызды. Сондықтан қазіргі таңда мемлекет құрылыс сапасына, қауіпсіздікке және қолжетімділікке ерекше мән беріп отыр.Мамандардың айтуынша, қолжетімділік талаптарын құрылыс аяқталғаннан кейін емес, жобалау кезеңінен бастап ескеру нысан сапасын айтарлықтай арттырады.