Картаңызға жиі ақша түссе, нені білу қажет?

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мобильді аударымдарға қатысты азаматтар арасында жиі қойылатын сұрақтарға түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мобильді аударымдардың өзіне салық салынбайды. Салық тек заңнамаға сәйкес табыс ретінде танылған қаражатқа ғана есептеледі.
Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, банк ұйымдары кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері байқалған жағдайда ғана жеке тұлғалардың шоттарына түскен қаражат туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Бұл барлық азаматтарға қатысты емес, арнайы бекітілген критерийлер орындалған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Атап айтқанда, егер азамат қатарынан үш ай бойы кәсіпкерлік қызметке арналмаған жеке шотына 100-ден астам әртүрлі тұлғадан ақша қабылдап, аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, банк бұл туралы ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына жолдауы мүмкін.
Алынған мәліметтер бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізіледі. Алдымен азаматқа ақпараттық сипаттағы хабарлама жіберіледі. Бұл хабарламаға жауап беру міндетті емес. Егер кейін камералдық бақылау барысында сәйкессіздіктер анықталса, ресми хабарлама жолданып, оған 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме немесе растайтын құжаттар ұсынылуы тиіс. Мемлекеттік кірістер органдары туыстар арасындағы аударымдар, мерекелерге байланысты сыйлық ретінде берілген қаражаттар, сондай-ақ мектеп пен балабақша қажеттіліктеріне жиналған ақшалар салық салынатын табыс болып саналмайтынын атап өтті.
Сонымен қатар тауарлар сату немесе қызмет көрсету үшін төлемдерді тұрақты түрде қабылдайтын азаматтар кәсіпкерлік қызметті заңдастырып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Өйткені жүйелі түрде табыс табуға бағытталған қызмет кәсіпкерлік болып есептеледі. Мамандардың айтуынша, мобильді аударымдарды бақылаудың негізгі мақсаты – қарапайым азаматтардың жеке қаржы қозғалысын тексеру емес, көлеңкелі кәсіпкерлікті анықтау және салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.