Жезқазғанда жер қатынастары бойынша 12 мемлекеттік қызмет көрсетіледі

Жезқазған қаласының жер қатынастары бөлімі тұрғындар мен кәсіпкерлерге жер қатынастары саласы бойынша 12 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілген.
Тұрғындар жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту, жерге орналастыру жобаларын бекіту, жердің нысаналы мақсатын өзгерту, іздестіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат алу, ауыл шаруашылығы алқаптарының санатын өзгерту сияқты қызметтерді пайдалана алады.
Сонымен қатар азаматтарға жер учаскесін жеке меншікке сатып алу, жер алу кезегіне тұру, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелеріне құқық алу және жалдау шартының телнұсқасын рәсімдеу қызметтері де ұсынылады.
Мемлекеттік қызметтердің мерзімі көрсетілетін қызмет түріне қарай әртүрлі. Мысалы, жер алу кезегіне қою қызметі небәрі 20 минут ішінде көрсетілсе, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту үшін 10 жұмыс күні қажет. Ал ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру туралы шешім 30 күн ішінде қабылданады.
Мамандар тұрғындарды мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы рәсімдеуге шақырады. Бұл уақытты үнемдеуге және қажетті құжаттарды қашықтан алуға мүмкіндік береді.