Денсаулық

Қарбыз бен қауынды қалай дұрыс таңдаймыз?

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажет. Бұл туралы Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а С.Құрбанбековтың айтуынша, тұрғындар азық-түлік өнімдерін сатып аларда оның сапасына, қауіпсіздігіне, шығу тегіне және сақтау жағдайына міндетті түрде мән беруі керек. Ең алдымен өнімнің қаптамасы бүтін болуы, ал таңбалануында атауы, құрамы, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, сақтау температурасы мен өндіруші туралы ақпарат толық көрсетілуі тиіс.

Мамандар қаптамасы бүлінген, сыртқы түрі өзгерген, жағымсыз иісі бар немесе сақтау талаптары бұзылған өнімдерді сатып алмауға кеңес береді. Сондай-ақ азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан алған дұрыс. Өйткені ұйымдастырылмаған сауда орындарында өнімнің шығу тегі мен сақтау жағдайын бақылау мүмкін емес.

Қарбыз бен қауын маусымының басталуына байланысты департамент тұрғындарды жол жиегінде немесе арнайы жабдықталмаған орындарда сатылатын өнімдерді сатып алмауға шақырады. Сонымен қатар қабығында жарық, шірік, көгеру немесе басқа да зақымдары бар, сондай-ақ кесіліп сатылатын қарбыз бен қауынды тұтыну денсаулыққа қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.

Жеміс-жидек пен көкөністерді пайдаланар алдында оларды ағынды сумен мұқият жуып, тек балғын әрі сапалы өнімдерді тұтыну ұсынылады. Департаменттің мәліметінше, азық-түлік өнімдерін дұрыс таңдау және сақтау талаптарын сақтау тағамнан уланудың және жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Сондықтан әрбір тұтынушы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет.

Back to top button