Заң және тәртіп

Ұлытауда 14 кәсіпорын тексеріліп, екі заңбұзушылық анықталды

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады. Осы кезеңде өңірдегі түрлі тауар нарықтарында бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы және жоспардан тыс алты талдау жүргізілді. Зерттеу Жезқазғандағы азық-түлік базарларының қызметін, кинопрокат нарығын, қанттың көтерме саудасын, Сәтбаевтағы жанар-жағармай саудасын, авиаотын нарығын және табиғи монополия субъектілерінің кейбір қызметтерін қамтыды.

Жарты жыл ішінде мемлекеттік кәсіпорындардың қызмет түрлерін кеңейтуге қатысты үш өтініш қаралса, ұқсас қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығы туралы жеті өтінішке құқықтық баға берілді. Сонымен қатар, мемлекеттік қатысуы бар 14 кәсіпорынға мониторинг жүргізіліп, оның нәтижесінде екі медициналық ұйымның монополияға қарсы органның келісімінсіз қызмет түрлерін жүзеге асырғаны анықталды. Осыған байланысты заңбұзушылықтарды жою туралы тиісті нұсқамалар енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Департамент қанттың көтерме сауда нарығына жүргізілген талдау барысында да заңнама талаптарының бұзылу белгілерін анықтады. Жеке кәсіпкердің бірдей жағдайдағы тұтынушыларға әртүрлі баға қолданғаны белгілі болып, оған заңбұзушылықты жою туралы хабарлама берілді. Кәсіпкер белгіленген мерзімде талапты орындаған.

Сондай-ақ, департамент жанындағы тауар нарықтарына кіру кедергілерін анықтау және жою жөніндегі кеңесте «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвесторларды іріктеу тәртібі қаралды. Нәтижесінде инвестициялық жобалар туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми интернет-ресурстарда жариялау, сондай-ақ өтінім қабылдау мерзімдері мен тәртібін нақтылау жөнінде өзгерістер енгізілді.

Департамент өкілдері монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері байқалған жағдайда азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын бұл туралы уақтылы хабарлауға шақырды. Мұндай мәліметтер заңбұзушылықтарды анықтап, тиісті тексерулерді бастауға негіз болатынын атап өтті.

Back to top button