Спорт

Өңірде жаңа спорт нысандарын салу жоспарланып отыр

Ұлытау облысында спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Соған қарамастан өңірдің бірқатар елді мекенінде жаңа спорт нысандарына қажеттілік әлі де жоғары. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысында айтылды.

Басқарманың мәліметінше, ең үлкен қажеттілік Жезқазған қаласында байқалады. Облыс орталығында халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі небәрі 44,7 пайызды құрайды. Осыған байланысты қалада бірнеше ірі спорт нысанын салу ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, Жезқазғанда заманауи жүзу бассейнін, қысқы спорт түрлеріне арналған мұз сарайын, жабық футбол манежін, ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде ат спортын дамытуға арналған ипподромды, инклюзивті спорт орталығын және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін салу қажеттігі бар.

Бұл жобалар жүзеге асса, қала тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік артып қана қоймай, кәсіби спортшылардың дайындық деңгейін көтеруге де жағдай жасалады. Сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар азаматтардың спортпен айналысуына арналған арнайы орталықтың ашылуы инклюзивті спортты дамытуға жаңа серпін береді.

Жаңа спорт нысандарының құрылысы тек Жезқазғанмен шектелмейді. Жәйрем кентінде жүзу бассейнін салу қажеттігі көтеріліп отыр. Ал Сәтбаев қаласында спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттың құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл нысан жас спортшыларды кәсіби деңгейде даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жаңаарқа және Ұлытау аудандарында қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында жабық хоккей корттарын салу көзделген. Мұндай нысандардың іске қосылуы ауылдық жерлерде қысқы спорт түрлерінің дамуына серпін беріп, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Жалпы бүгінде Ұлытау облысында 236 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 227-сі мемлекеттік, 9-ы жеке меншіктегі нысандар. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 78 пайызды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары өңірде жаңа спорт нысандарын салу жұмыстары қарқын алған. Былтыр Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні, Жезді мен Жаңаарқа кенттерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сондай-ақ Жезқазғанда «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Жансая Әбдімәлік атындағы шахмат академиясы ашылып, Сәтбаев қаласы мен Жаңаарқа ауданының Ералиев ауылында жылдам тұрғызылатын спорт кешендері іске қосылды.

Спорт басқармасы алдағы жылдары жаңа нысандардың санын көбейту арқылы тұрғындардың спортқа қолжетімділігін арттыруды, бұқаралық спортты дамыту мен халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлауға қолайлы жағдай жасауды басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отыр.

Back to top button