Спорт

Ұлытау облысында спортпен тұрақты айналысатындар саны 77 мыңнан асты

Ұлытау облысында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар нәтижесін беріп келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірде 77 342 адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл облыс халқының 37,1 пайызын құрайды.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде 316 дене шынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. Оның аясында тұрғындардың спортпен жүйелі түрде айналысуына барлық жағдай жасалып келеді.

Спортпен тұрақты айналысатындардың басым бөлігі олимпиадалық спорт түрлерін таңдаған. Бұл бағытта 61 333 адам шұғылданса, олимпиадалық емес спорт түрлерімен 10 426 тұрғын айналысады. Ал ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытқандар саны 5 334 адамға жеткен. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында да спортпен жүйелі түрде айналысатындардың қатары артып келеді. Қазіргі таңда бұл санат бойынша 249 адам спортпен тұрақты шұғылданады.

Халықты бұқаралық спортқа кеңінен тарту мақсатында облыста 55 штаттық спорт нұсқаушысы еңбек етеді. Оның 23-і ауылдық елді мекендерде жұмыс істеп, шалғайдағы тұрғындардың спортпен айналысуына мүмкіндік жасап отыр. Бұдан бөлек, өңірде 18 спорт әдіскері қызмет атқарады, олардың жетеуі ауылдық жерлерде еңбек етеді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2026 жылдың алғашқы алты айында облыс бойынша түрлі деңгейдегі 200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50 іс-шараға көп. Атап айтқанда, өңірде Қазақстан чемпионаттарының кезеңдері, қысқы «Ақ қар», мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Ел жанашырлары», мәслихат депутаттары арасындағы және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жұлдызай» спартакиадалары өткізілді.

Мамандардың айтуынша, бұқаралық спортты дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Негізгі мақсат – тұрғындардың спортпен тұрақты айналысу үлесін арттырып, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау.

Back to top button