AI-Sana аясында студенттер 440-тан астам жасанды интеллект жобасын әзірледі

Қазақстанда жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы алғашқы нақты нәтижелерін көрсетті. Бағдарлама аясында қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері түрлі салаларға арналған 442 жасанды интеллект жобасын әзірледі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, AI-Sana бағдарламасының екінші кезеңіне еліміздегі 105 жоғары оқу орнынан 87 мыңнан астам студент пен 1 500-ден астам куратор қатысып жатыр. Қатысушылар білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, қаржы және өнеркәсіп салаларындағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған цифрлық шешімдер әзірлеуде.
Әзірленген жобалардың ең көбі білім беру саласына тиесілі. Бүгінде оқыту сапасын арттыру, білім беру процесін жекелендіру және әкімшілік жұмыстарды автоматтандыруға арналған 188 AI-шешім дайындалған. Бұл жоғары оқу орындарының білім берумен қатар технологиялық өнім шығаратын орталыққа айналып келе жатқанын көрсетеді.
Бағдарлама аясында сұранысқа ие бірнеше жоба қазірдің өзінде тәжірибеде қолданылып келеді. Солардың қатарында Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген AI-Talapker чат-боты бар. Ол ҰБТ мен жоғары оқу орындарына түсуге қатысты кеңес беріп, бүгінге дейін 69 мыңнан астам пайдаланушының сұранысын өңдеген.
Сонымен қатар, Satbayev University әзірлеген AI-прокторинг жүйесі онлайн тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етіп, Қазақстаннан бөлек шетелдік ұйымдарда да пайдаланылып жатыр. Ал AlmaU университетінің OquLabs платформасы тапсырмаларды автоматты тексеруге және білім алушылардың үлгерімін талдауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бірқатар университеттер мультиагенттік AI-платформаларды дамытуға кірісті. Олар студенттерге қызмет көрсетуді жетілдіріп, академиялық және әкімшілік процестерді автоматтандыруды көздейді. Сонымен бірге жасанды интеллект ғылыми-зерттеу жұмыстарын басқару мен ғылыми жобаларды сараптау бағытында да кеңінен енгізілуде.
Министрліктің мәліметінше, AI-Sana бағдарламасының нәтижелері Қазақстан университеттерінде технологиялық кәсіпкерлік пен инновациялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Алдағы уақытта үздік жобалар акселерациялық бағдарламаларға қатысып, инвестиция тартып, дербес технологиялық өнім ретінде нарыққа шығуға мүмкіндік алады.