Ұлытау облысында 109 байланыс орталығына жарты жылда 26 мыңнан астам өтініш түскен

Ұлытау облысының 109 бірыңғай байланыс орталығы 2026 жылдың алғашқы алты айындағы жұмыс қорытындысын жариялады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орталыққа осы кезеңде тұрғындардан 26 935 өтініш келіп түскені мәлім болды.
«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылы іске қосылған 109 байланыс орталығы бүгінде тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қабылдап, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты қамтамасыз етіп келеді.
Жартыжылдық қорытындысына сәйкес, тұрғындар ең көп көтерген мәселе – электрмен жабдықтау. Бұл бағыт бойынша 12 мыңнан астам өтініш тіркелген. Сонымен қатар сумен жабдықтау, ақпараттық анықтама, көшелерді жарықтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдар да жиі түскен.
Қазіргі таңда 109 бірыңғай байланыс орталығы өңірдегі 140-тан астам орындаушы ұйыммен өзара жұмыс жүргізеді. Әрбір өтініш электронды жүйеде тіркеліп, орындалу мерзімі тұрақты бақылауда болады.
Мамандардың айтуынша, тұрғындардың басым бөлігі әлі де 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласқанды жөн көреді. Дегенмен WhatsApp платформасы арқылы жолданатын өтініштердің үлесі де артып келеді. Бұл қосымша арқылы азаматтар мәселені фото немесе бейнематериалмен бірге жіберіп, оның мән-жайын нақты көрсету мүмкіндігіне ие.