Ұлытау облысында спорт саласын дамытуға 6,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

2026 жылы Ұлытау облысында дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 6 млрд 356 млн 256 мың теңге қарастырылды. Қаржы спорт ұйымдарының жұмысын қамтамасыз етуге, кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға, спортшыларды қолдауға, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталуда.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, бөлінген қаражаттың басым бөлігі өңірдегі спорт ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Атап айтқанда, 12 ведомстволық спорт ұйымын ұстауға 3 млрд 355 млн 125 мың теңге бөлінген. Бұл қаржы спорт мектептері мен мамандандырылған мекемелердің қызметін қаржыландыруға, оқу-жаттығу процесін ұйымдастыруға және спортшыларды даярлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыстың құрама командаларының республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына 320 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржы спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуіне, жарыстарға қатысуына және халықаралық тәжірибе жинақтауына жағдай жасауға бағытталған.
Өңірдегі кәсіби спортқа да ерекше көңіл бөлінген. Биыл «Ұлытау» кәсіби футбол клубын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Бұл клубтың чемпионаттағы өнерін қамтамасыз етуге, команданың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және спортшылардың дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Спорт инфрақұрылымын жаңарту бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – Сәтбаев қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Мұз сарайын күрделі жөндеу. Бұл мақсатқа бюджеттен 400 млн теңге бөлініп, нысанның заманауи талаптарға сай жаңғыртылуы көзделген.
Жоғары жетістіктер спортын дамыту және спортшыларды ынталандыру шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Облыс намысын республикалық және халықаралық жарыстарда қорғайтын спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай төлемдер төлеуге 154 млн теңге қарастырылған. Бұл қолдау үздік нәтижелерге қол жеткізген спортшыларды ынталандырып, олардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Бұдан бөлек, басқарманың ағымдағы қызметін қамтамасыз етуге 189 млн 768 мың теңге бөлінді. Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақысына, іссапар шығындарына, қажетті жабдықтарды сатып алуға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге, байланыс қызметтеріне және өзге де әкімшілік шығыстарға бағытталады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы спорт саласына бөлінген қаржы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге және тұрғындардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы уақытта спорт инфрақұрылымын дамыту, халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлау және тұрғындардың спортқа қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасын табады.