2026 жылы 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды кімдер тапсырады?

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті 2026 жылы жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде 250.00 және 270.00 нысандары бойынша декларацияларды тапсыру тәртібін еске салды.
Жалпыға бірдей декларациялау – азаматтардың табыстары, мүлкі мен міндеттемелері туралы ақпаратты мемлекетке ұсыну жүйесі. Оның аясында жеке тұлғалар алғаш рет 250.00 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны, ал кейін жыл сайын 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсырады.
250.00 нысаны жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне алғаш рет кіретін азаматтарға арналған. Онда декларация тапсырылатын жылдың алдындағы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер көрсетіледі. Мәселен, декларация 2026 жылы тапсырылса, онда 2025 жылғы 31 желтоқсандағы мәліметтер енгізіледі. Бұл декларацияны сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар, мемлекеттік қызметшілер, қаржы секторындағы басқарма мүшелері, құрылтайшылар мен акционерлер, олардың жұбайлары, сондай-ақ шетелде мүлкі бар Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары тапсырады. Декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, шетелдік банктердегі қаражат, компаниялардағы үлестер, бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік объектілері, қолма-қол ақша, дебиторлық және кредиторлық берешектер және заңнамада көзделген өзге де активтер көрсетіледі.
Ал 270.00 нысаны – кірістер мен мүлік туралы декларация. Оны жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтар жыл сайын ұсынады. Сонымен қатар бұл декларацияны квазимемлекеттік сектор ұйымдары мен заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, жарғылық капиталдағы үлесі 10 пайыздан асатын меншік иелері мен олардың жұбайлары, салықты өз бетінше есептеп төлеуге міндетті азаматтар, шетелдік банктерде белгіленген мөлшерден асатын қаражаты бар тұлғалар, бір жыл ішінде ірі көлемде мүлік сатып алған азаматтар, цифрлық активтері бар тұлғалар және заңда белгіленген мөлшерден асатын табыс немесе дивиденд алған азаматтар тапсырады. Бұл ретте 250.00 нысанында бұрын көрсетілген активтерді 270.00 декларациясында қайта көрсету талап етілмейді. Онда тек есепті жыл ішінде алынған табыстар мен жаңадан сатып алынған мүлік туралы мәліметтер көрсетіледі.
Декларацияларды тапсыру мерзіміне сәйкес, 250.00 нысаны декларация тапсыру міндеті туындаған жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей, ал 270.00 нысаны есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей ұсынылуы тиіс. Егер төленуге жататын салық болса, оны 25 қыркүйекке дейін төлеу қажет.
Декларацияны салық төлеушінің кабинеті, eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat, eGov mobile және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы электронды түрде немесе тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына қағаз жеткізгіште тапсыруға болады.
Шетелде активтері жоқ зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы азаматтар, жеке сектор қызметкерлері және декларация тапсыруға қосымша негіздері жоқ жеке кәсіпкерлер декларация тапсырудан босатылады.
Мемлекеттік кірістер департаменті декларацияны белгіленген мерзімде тапсырмағаны немесе толық емес әрі дұрыс емес мәліметтер көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Сондай-ақ декларацияда көрсетілуге тиіс шетелдегі мүлікті немесе қаражатты жасырған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Осыған байланысты азаматтарға декларацияны толтырмас бұрын активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтерді алдын ала тексеріп, қаражаттың шығу көзін растайтын құжаттарды сақтауға және ресми ақпарат көздеріндегі түсіндірмелерді пайдалануға кеңес беріледі.