Қоғам

QR арқылы төлем қабылдау бақылау-касса машинасын алмастырмайды

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерге ақшалай есеп айырысуларды жүргізу кезінде салық заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, тауарларды сату, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету барысында ақшалай есеп айырысулар мемлекеттік тізілімге енгізілген, фискалдық деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарын (БКМ) міндетті түрде қолдану арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Қазіргі таңда кәсіпкерлер төлемдерді қабылдау үшін Kaspi Pay және басқа да QR-код арқылы төлем жасауға мүмкіндік беретін мобильді банктік қосымшалар мен POS-терминалдарды кеңінен пайдаланып келеді. Алайда бұл жүйелер тек төлем қабылдау құралы болып саналады және бақылау-касса машинасының қызметін алмастырмайды.

Мемлекеттік кірістер департаменті банктік қосымшадағы төлемнің расталуы, POS-терминалдың чегі немесе ақша аударылғаны туралы хабарлама фискалдық чек болып есептелмейтінін атап өтті. Сондықтан әрбір төлем қабылданған сәтте кәсіпкер тіркелген бақылау-касса машинасы арқылы фискалдық чекті рәсімдеп, оны сатып алушыға бірден ұсынуға міндетті.

Егер POS-терминалдың құрамында бақылау-касса машинасы болмаса, онда фискалдық чек бөлек тіркелген онлайн бақылау-касса машинасы арқылы берілуі қажет.

Сондай-ақ күн соңында бірнеше төлемді немесе әртүрлі сауда нүктелеріндегі операцияларды бір чекпен рәсімдеуге жол берілмейді. Әрбір төлем жеке тіркеліп, оған жеке фискалдық чек берілуі тиіс. Бұл талап төлемнің қолма-қол ақшамен, банк картасымен, QR-код арқылы немесе мобильді банктік қосымша арқылы жасалғанына қарамастан сақталуы қажет.

Ведомство бақылау-касса машиналарын қолдану тәртібін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 284-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Алғаш рет анықталған заңбұзушылықтар үшін ескерту жасалса, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Сонымен қатар тіркелмеген немесе жарамсыз бақылау-касса машинасын пайдалану және өзге де талаптарды бұзғаны үшін де жауапкершілік көзделген.

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпкерлерді салық заңнамасының талаптарын сақтауға, әрбір төлем бойынша тіркелген бақылау-касса машиналарын пайдалануға және сатып алушыларға міндетті түрде фискалдық чек беруге шақырды. Бұл есеп айырысулардың ашықтығын қамтамасыз етіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және салық заңнамасының бұзылуының алдын алуға мүмкіндік береді.

Back to top button