Суға түсерде сақ болыңыз!
Жаз мезгілінде оқушылардың демалысы басталып, өзен-көлдер мен бассейндерде шомылушылар саны артады. Осыған байланысты мамандар су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алу үшін қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, әлемдегі аурулардың шамамен 80 пайызы судың сапасының төмендігімен және сумен жабдықтаудағы санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталмауымен байланысты.
Мамандар су арқылы таралатын ауруларды бірнеше топқа бөледі. Олардың қатарында іш сүзегі, тырысқақ, дизентерия, полиомиелит, гастроэнтерит және А вирустық гепатиті сияқты жұқпалы аурулар бар. Сонымен қатар ластанған судан тері мен шырышты қабық аурулары, суда тіршілік ететін паразиттер мен жәндіктер арқылы таралатын түрлі инфекциялар да кездеседі.
Демалыс орындары мен жағажайлар эпидемиялық маңызы жоғары нысандар саналады. Сондықтан олардың иелері су мен топыраққа зертханалық зерттеулер жүргізіп, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті. Бұл талаптар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің коммуналдық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мамандар тұрғындарға шомылатын орынды таңдағанда бірнеше маңызды жайтқа назар аударуға кеңес береді. Жағажайлар ағынды сулар төгілетін орындардан, мал жайылатын аумақтардан және басқа да ластану көздерінен кемінде 500 метр қашықта орналасуы тиіс. Ағынсыз су, жағалауда жабайы құстардың көп болуы немесе малдың жайылуы судың ластанғанын білдіруі мүмкін. Сондай-ақ су айдынының түбі құмды әрі балдырсыз болғаны жөн.
Ашық су айдындарының суын ішуге немесе онымен жеміс-жидек, көкөніс пен ыдыс-аяқты жууға болмайды. Ал балаларға су температурасы кемінде +20°C, ал сыртқы ауа температурасы +23°C болған жағдайда ғана шомылуға кеңес беріледі.
Мамандар қарапайым санитариялық талаптарды сақтау арқылы жазғы демалысты қауіпсіз өткізіп, су арқылы таралатын жұқпалы аурулардың алдын алуға болатынын ескертеді.