Қоғам

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жаңа салық режимі енгізілді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнайы салық режимі күшіне енді. Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, жаңа тәртіп азаматтардың қызметін заңдастыруды жеңілдетіп, оларды әлеуметтік, медициналық және зейнетақы жүйесіне тиімді тартуға мүмкіндік береді.

Арнайы салық режимі өз қызметін дербес жүзеге асыратын азаматтарға арналған. Оны қолдану үшін ай сайынғы табыс көлемі 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл көрсеткіш 1 297 500 теңгені құрайды. Сонымен қатар, бұл режимді пайдаланатын азаматтардың жалдамалы қызметкерлерді жұмысқа алуына жол берілмейді.

Жаңа тәртіп Салық кодексінің 715 және 718-баптарымен реттеледі. Оның басты ерекшеліктерінің бірі – салық есептілігін тапсырудың қажеті жоқ. Барлық есептеулер e-Salyq Business мобильді қосымшасы арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

Ұлытау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының бас маманы Айгерім Қалқамбаеваның айтуынша, жаңа режим аясында жеке табыс салығының мөлшерлемесі 0 пайызды құрайды. Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке табыс салығын төлемейді. Оның орнына алынған табыстан жалпы 4 пайыз көлемінде әлеуметтік төлемдер аударылады. Оның ішінде міндетті зейнетақы жарналарына – 1 пайыз, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарына – 1 пайыз, әлеуметтік аударымдарға – 1 пайыз және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарына – 1 пайыз қарастырылған.

Жаңа режимді пайдалану үшін азамат электрондық цифрлық қолтаңба арқылы e-Salyq Business қосымшасына тіркеліп, рұқсат етілген 40 қызмет түрінің бірін таңдауы қажет. Әрбір төлемнен кейін электрондық чек қалыптастырылады және кәсіпкерлік қызмет үшін жеке банктік шот қолданылуы тиіс.

Салықтар мен әлеуметтік төлемдер автоматты түрде есептеліп, келесі айдың 25-күніне дейін төленеді. Егер белгілі бір айда табыс болмаса, бұл режим қолданылмайды және әлеуметтік төлемдер де есептелмейді.

Back to top button