Ұлытау облысында «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында 217 терезе блокираторы орнатылды

Ұлытау облысында балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Мамандардың мәліметінше, жаз мезгілінде ашық терезелерге байланысты балалардың жарақат алу қаупі айтарлықтай артады. Әсіресе 2 мен 7 жас аралығындағы балалар қауіп тобына жатады. Мұндай оқиғалардың негізгі себептері – ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы, москиттік торларға сенім артуы және терезелерде арнайы қауіпсіздік құрылғыларының болмауы.
Осыған байланысты Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті «Қауіпсіз терезе» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді. Акция аясында департаменттің бастамасымен және «Inlaw.kz» халықаралық заң компаниясы мен «АлюмСтройПласт» ЖШС-нің қолдауымен көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың пәтерлеріне терезе қауіпсіздік құрылғылары тегін орнатылуда. Бүгінде өңірде 217 терезе блокираторы орнатылған.
Профилактикалық жұмыстар техникалық шаралармен ғана шектелмейді. Ата-аналардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басынан бері қазақ және орыс тілдерінде қауіпсіздік ережелері туралы 10 анимациялық бейнеролик дайындалды. 296 профилактикалық рейд ұйымдастырылып, 5 412-ден астам адам қамтылды. Сонымен қатар тұрғындарға 4 779 ақпараттық жадынама таратылып, LED-экрандарда 63 бейнеролик көрсетілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 102 материал жарияланған.
Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды ешқашан қараусыз қалдырмауға, терезе маңында ойнауына жол бермеуге және тұрғын үйлердегі терезелерге арнайы блокираторлар орнатуға шақырады.
Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік құрылғыларын орнату – қарапайым әрі қолжетімді шара болғанымен, ол баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі әрбір ата-ананың және қоғамның ортақ жауапкершілігі болып қала береді.