Қоғам

Бір айда 24 бала суға кеткен: ТЖД тұрғындарға ескерту жасады

Жазғы шомылу маусымы басталғалы Қазақстанда судағы қайғылы оқиғалар көбейіп отыр. Биыл 1 маусымнан бері республика бойынша су айдындарында 64 адам, оның ішінде 24 бала суға батып көз жұмған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалпы көрсеткіш бойынша 21 пайызға, ал балалар арасындағы өлім-жітім бойынша 26 пайызға жоғары.

Ең көп қайғылы жағдайлар Маңғыстау, Алматы және Атырау облыстарында тіркелген.

Ал Ұлытау облысындағы жағдай әзірге тұрақты. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биыл өңірде суға бату фактілері тіркелмеген. Дегенмен мамандар қауіптің сейілмегенін айтып, тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Статистикаға сәйкес, өңірде жыл сайын орта есеппен 4-5 адам суға батып қайтыс болады. Оның ішінде балалар да бар. Мәселен, 2022 жылы – 5, 2023 жылы – 6, 2024 жылы – 5 адам (оның ішінде 2 бала), ал 2025 жылы 4 адамның өмірі су айдындарында қиылған.

Мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – жабдықталмаған жерлерде шомылу, алкогольдік масаң күйде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру.

Жаз мезгілінің басынан бері ауа температурасының қалыптан тыс жоғары болуы тұрғындардың су айдындарына жиі баруына әсер еткен. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері күн сайын су айдындарын патрульдеп, полициямен бірлескен рейдтер өткізуде.

Шомылу маусымы басталғалы қауіпсіздік талаптарын бұзған 23 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар алкогольдік масаң күйде шомылғаны немесе балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібергені үшін жазаланған. Сонымен қатар гидроциклді пайдалану қағидаларын бұзған бір жүргізушіге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетейік, 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау функциясы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Енді рейд барысында кемелердің құжаттары, техникалық жарамдылығы, құтқару құралдарының болуы және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріледі.

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек рұқсат етілген жағажайларда шомылуға, алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеуге, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындау адам өмірін сақтап қалудың ең тиімді жолы.

Back to top button