Ұлытау тынысы

Өңірде 564 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда

Ұлытау облысында инвестициялық белсенділік артып келеді. Өңірде жалпы құны 564 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар толық іске асқан кезде 3 681 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, өткен жылы өңірде жалпы құны 40 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 457 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, өңірдің өндірістік әлеуеті нығая түсті.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. 2026 жылы жалпы құны 9 млрд теңгені құрайтын екі ірі өндірістік жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның бірі – Жаңаарқа ауданында орналасатын «Сарыарқа-ENERGY» ЖШС-нің көмірді байыту фабрикасы. Жобаның құны 7 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 850 мың тонна көмір өңделеді.

Сонымен қатар Сәтбаев қаласында «ULYTAS 20» ЖШС-нің асфальт-бетон зауыты пайдалануға беріледі. 2 млрд теңгелік жоба нәтижесінде 50 жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 1 млн тонна асфальт-бетон шығаруға мүмкіндік береді.

Өңірде жаңа өндірістерді дамыту мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құру жұмыстары да жүргізілуде. Қазіргі таңда жоба үшін 12 гектар жер учаскесі белгіленген. Болашақта оның аумағын 50 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қазір инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары атқарылуда.

Индустриялық аймақта жеке инвестициялар есебінен жалпы көлемі 1,8 млрд теңгені құрайтын үш импортты алмастыратын өндіріс ашу жоспарланған. Жобалар жүзеге асқан жағдайда тағы 100 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.

Облыс әкімдігі инвестициялық жобаларды іске асыру өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканы әртараптандыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Back to top button