Қазақстанда 89 мың талапкер мемлекеттік грантқа ие бола алады

Қазақстанда жоғары білім алуға арналған мемлекеттік білім беру гранттарына құжат қабылдау жалғасуда. Талапкерлер өтінімдерін 20 шілдені қоса алғанда жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн, университеттердің виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы онлайн немесе eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлер жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет, білім туралы құжат және жеңілдік санатына жататынын растайтын құжаттарды (бар болса) ұсынуы қажет. Конкурсқа қатысу үшін белгіленген ең төменгі шекті балл сақталады. Атап айтқанда, «Педагогикалық ғылымдар» мен «Құқық» бағыттарына кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» бағытына 70 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына 65 балл, ал өзге жоғары оқу орындарына 50 балл қажет. Ұлттық университеттердегі «Ауыл шаруашылығы» мамандығына шекті балл – 50. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары өз талаптарына сәйкес бұдан жоғары шекті балл немесе қосымша емтихан белгілеуі мүмкін.
Биыл 2026–2027 оқу жылына 89 мың мемлекеттік грант бөлінді. Оның 75 мыңы бакалавриат деңгейіне арналған. Гранттардың шамамен 60 пайызы инженерлік мамандықтарға, 20 пайызы педагогикалық бағыттарға қарастырылған. Бұл еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып бөлінген. Сондай-ақ ауылдық жерден шыққан талапкерлер мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін мемлекеттік квоталар қарастырылған.
Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Бұдан бөлек, қазақстандық талапкерлер елден шықпай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарында білім алып, қос диплом бағдарламаларына қатыса алады. Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 33 университетімен серіктестік орнатқан.