Ұлытауда кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау күшейді: 32 жобаға 3,9 млрд теңге бөлінді

Ұлытау облысында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жалғасуда. Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірде жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге 32 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев бірінші жартыжылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Мемлекеттік қолдау сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, ауыл, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ қызмет көрсету салаларындағы жобаларды қамтыды. Қаржыландырылған бастамалардың қатарында арнайы жұмыс киімдерін, ұн, металл есіктер мен терезелерді, жиһазды, керамикалық жабындар мен плиталарды, жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерді өндіру жобалары бар.
Сонымен қатар көлік және қоймалау саласында арнайы техникалар сатып алуға бағытталған жобалар қолдау тапса, ауыл шаруашылығында фермерлерге «Кең дала – 2» бағдарламасы аясында кепілдік беру тетігі арқылы қолдау көрсетілді. Бұл ауыл кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттырып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасарының айтуынша, жыл соңына дейін жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын тағы 70 жобаны мемлекеттік қолдау жоспарланып отыр. Бұл өңірде жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және шағын және орта бизнестің дамуына оң әсер етеді.
Бұдан бөлек, 2026 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы арқылы несиелерді субсидиялау, кепілдендіру және өңірлік бағдарламаларды іске асыру үшін облыстық бюджеттен 530 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат кәсіпкерлердің жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізуіне мүмкіндік беріп, өңірдің экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.
Өңірде кәсіпкерлікті қолдау құралдарын кеңейту жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді деп күтілуде.