Дастан Рыспековтің Ұлытау облысын басқарған кезеңіндегі 13 маңызды бастама
Ұлытау облысына басшылық еткен уақыт ішінде Дастан Рыспековтің жетекшілігімен өңірде инфрақұрылым, экономика, әлеуметтік сала,денсаулық сақтау, білім беру және туризм бағытында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Олардың бір бөлігі толық жүзеге асса, енді бірі бүгінде қарқынды іске асырылып жатыр.
1. Жезқазған қаласының бюджеті бірнеше есе артты
Облыс құрылғаннан кейін бюджет жүйесі қайта қаралып, Жезқазғанның өз кірістері айтарлықтай өсті. Қала бюджеті бірнеше жыл ішінде еселеп артып, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мүмкіндігі кеңейді.
2. Қарағанды — Жезқазған және Қызылорда — Жезқазған автожолдарының құрылысы басталды
Өңір үшін стратегиялық маңызы бар екі республикалық автожолды жаңғырту жұмыстары басталды. Болашақта бұл жобалар Ұлытауды елдің негізгі көлік дәліздерінің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.
3. Ауыз су мәселесін кезең-кезеңімен шешу басталды
«Үйтас — Айдос» су құбырының алғашқы кезеңі аяқталып, жер асты суын пайдалану көлемі артты. Сонымен қатар Жезқазғандағы ескі су желілері жаңартылып, тозған құбырлардың басым бөлігі ауыстырылды.
4. Жылу желілері жаңғыртылды
Жезқазған қаласындағы үш магистральдық жылу желісі толық жаңартылып, жылу электр орталығындағы жұмыс істейтін қазандықтар саны көбейді. Бұл жылыту маусымының тұрақты өтуіне мүмкіндік берді.
5. «Қазақмыс» компаниясының ең ірі әлеуметтік инвестициялары
Облыс әкімдігімен жасалған келісімдер аясында «Қазақмыс» корпорациясы өңірдегі әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғыртуға қомақты қаражат бөлді.Олардың қатарында:
• Сәкен Қожамқұлов атындағы театр;
• «Жастар» саябағы;
• Кеңгір су қоймасының жағалауы;
• NAMYS спорт академиясы;
• қалалық аурухананы жаңғырту;
• қоғамдық кеңістіктер мен алаңдарды абаттандыру.
6. Денсаулық сақтау жүйесі нығая түсті
Өңірдегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды. Облыстық кардиологиялық орталық ашылып, ауылдық денсаулық сақтау нысандары салынды. Сонымен қатар жаңа емхана мен онкологиялық орталық жобалары қолға алынды.
7. 50 жылдан кейін алғаш рет жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды
Жезқазғанда соңғы жарты ғасырдағы алғашқы заманауи өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Ол жаңа техникамен, қызметтік пәтерлермен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді.
8. Білім беру инфрақұрылымы дамыды
Өңірде «Шабыт» шығармашылық орталығы пайдалануға берілді, Қазақстандағы ең ірі шахмат академиясының филиалы ашылды. Сонымен қатар мектептер мен балабақшаларды салу және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасты.
9. Спорт саласында жаңа нысандар бой көтерді
«Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. NAMYS спорт академиясының құрылысы басталып, жаңа спорт кешендері мен мұз аренасын салу жобалары жүзеге асырыла бастады.
10. Инвестиция көлемі артты
Өңірге тартылған инвестиция көлемі өсті. Жел электр станциясы, мұнай базасы, респиратор шығаратын зауыт, геологиялық кластер, қонақүй кешендері іске қосылып, жаңа өндірістік жобалар қолға алынды.
11. Жас мамандарды қолдау күшейді
Дефицитті мамандарды тарту мақсатында көтермеақы төлеу бағдарламалары енгізіліп, жас кадрларды өңірге шақыру жұмыстары жанданды.
12. Туризмді дамытуға жаңа серпін берілді
Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне апаратын жолдар жөнделіп, жаңа қонақүйлер салынды. Туристік инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар көбейіп, өңірге келушілер саны арта бастады.
13. Қалаларды абаттандыру жұмыстары қарқын алды
«Жастар» саябағы, Кеңгір су қоймасы жағалауы, қоғамдық кеңістіктер, көшелер мен аулаларды жаңғырту жұмыстары қолға алынды