Қоғам

2026 жылдан бастап зейнетақы жүйесінде не өзгереді?

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары мемлекеттің қорғауында қала береді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Ұлттық банк пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорымен бірлесіп зейнетақы жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Қолданыстағы Әлеуметтік кодекске сәйкес, мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді. Бұл норма өзгеріссіз сақталады.

2026 жылдың қыркүйегінен бастап зейнетақы активтерін басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді салымшылар өз жинақтарының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұған дейін мұндай мүмкіндік жинақтың тек 50 пайызына ғана берілген еді.

Ал жинақтарын Ұлттық банктің басқаруында қалдырған азаматтар үшін мемлекет кепілдігі сақталады. Ұлттық банк зейнетақы активтерінің сақталуын қамтамасыз етіп, ұзақ мерзімді инвестициялық табыстылықты арттыру бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Сонымен қатар 2027 жылдан бастап инфляция айырмасын біржолғы өтеу тетігі кезең-кезеңімен оңтайландырылады. Бұл өзгеріс азаматтардың инвестициялық таңдауы кеңейген жағдайда бюджет қаражатын тиімді пайдалануға және зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Қазіргі таңда Еңбек министрлігі зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде. Негізгі мақсат – азаматтарды еңбек өтіліне негізделген, өмір бойы тұрақты төлемдермен қамтамасыз ететін әділ әрі тиімді зейнетақы жүйесін қалыптастыру.

Back to top button