22,5 келі сапасыз өнім саудадан алынды

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – халық денсаулығын қорғаудың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.
Қазақстан Республикасында тағам өнімдерінің қауіпсіздігі Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен ұлттық заңнама талаптарына сәйкес бақыланады. Мемлекеттік бақылау шеңберінде бақылау сатып алуы, профилактикалық бақылау және өнімдердің зертханалық сараптамасы жүргізіледі.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында бақылау сатып алуы аясында барлығы 464 өнімнің үлгісі зерттелді. Оның ішінде 365-і тағам өнімдері, 99-ы тағамдық емес өнімдер болды. Зерттеу нәтижесінде 19 өнімнің белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды.
Сәйкес келмейтін өнімдерді өткізген кәсіпкерлік субъектілеріне өнімді сауда айналымынан алып қою және кері қайтарып алу туралы қаулылар табысталды. Жүргізілген тексерулер барысында өнім жеткізушілері анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Нәтижесінде 22,5 келі талапқа сай келмейтін өнім саудадан алынып, жойылды.
Мамандардың айтуынша, тұтынушылар азық-түлікті тек ресми сауда орындарынан сатып алып, өнімнің қаптамасына, өндірілген күні мен жарамдылық мерзіміне ерекше назар аударуы қажет. Сондай-ақ қаптамада өнімнің құрамы, сақтау шарттары, өндіруші туралы ақпарат және «EAC» сәйкестік белгісі көрсетілуі тиіс.
Егер сатып алынған өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне күмән туындаса, азаматтар санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың аумақтық бөлімшелеріне жүгіне алады. Мамандар әрбір өтініш бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі – мемлекет, өндіруші, сатушы және тұтынушының ортақ жауапкершілігі. Ал өнімді мұқият таңдау – денсаулықты сақтаудың басты кепілі.