Smart Point: Құжатқа кезексіз қол жеткізіңіз

Ұлытау облысында мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта ұсыну бағытындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Жезқазған және Сәтбаев қалаларында жұмыс істейтін Smart Point орталықтары тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше, жылдам әрі қолайлы алуға мүмкіндік беріп отыр.
Жоба іске қосылғаннан бері жаңа формат тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие болды. Бүгінде азаматтар көптеген мемлекеттік қызметті бірнеше минуттың ішінде рәсімдеп, уақытын үнемдеуде. Орталықтарда арнайы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Соның көмегімен тұрғындар маманның көмегінсіз-ақ қажетті құжаттарды рәсімдей алады.
Статистикаға сәйкес, Smart Point орталықтары іске қосылғалы бері Жезқазған қаласында 9 мыңнан астам, ал Сәтбаев қаласында 1 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ұлытау облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Салтанат Сүлейменованың айтуынша, жоба мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.
Қазіргі таңда Smart Point орталықтары мемлекеттік қызметтерді алудың тиімді әрі заманауи тетігіне айналып келеді. Цифрлық сервистерді кеңінен енгізу тұрғындардың уақытын үнемдеуге, қызмет көрсету үдерісін жеңілдетуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.