Қоғам

Өңірде діни ахуал тұрақты

Ұлытау облысындағы діни ахуал тұрақты. Өңірде конфессияаралық келісімді нығайту, діни сауаттылықты арттыру және деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дін істері басқармасының басшысы Дулат Тулегенов 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындыларын таныстырды.

Басқарма мәліметінше, өңірде қазіргі таңда 8 конфессияға қарайтын 50 діни бірлестік жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 33 мешітте 60 діни қызметкер еңбек етеді. Жалпы облыстағы діни және конфессияаралық ахуал тұрақты деп бағаланды.

Жыл басынан бері облыс бойынша 629 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылып, оған 17 580 тұрғын қатысты. Кездесулер жастар, еңбек ұжымдары, спортшылар, пробация есебіндегі азаматтар, діндар әйелдер және өзге де мақсатты аудиториялар арасында өткізілді. Шараларда зайырлылық қағидаттары, діни сауаттылық, әлеуметтік желідегі діни ақпаратты дұрыс пайдалану және радикалды идеологияның алдын алу мәселелері түсіндірілді.

Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Алты айда 241 ақпараттық материал әзірленіп, оның 217-сі өңірлік медиакеңістікте жарияланған. Оның ішінде 64 бейнеролик, 147 инфографика және 6 мәтіндік материал бар.

Мониторинг барысында құқыққа қайшы діни мазмұндағы 467 интернет-сілтеме анықталып, тиісті жүйеге енгізілді. Сондай-ақ күмәнді діни парақшаларға жазылған 5 007 аккаунт анықталып, иелеріне ескерту хабарламалары жіберілген. Жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 917 пайдаланушы мұндай парақшалардан жазылымын тоқтатқан.

Брифинг барысында басқарма алдағы жоспарларымен де бөлісті. Биылғы екінші жартыжылдықта әйелдер мен отбасыларға арналған жаңа жобаларды іске асыру, жастар арасындағы профилактиканы күшейту, интернеттегі ақпараттық жұмыстың сапасын арттыру, сондай-ақ Жезқазған қаласында үш жаңа діни нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, алдағы кезеңде конфессияаралық келісімді нығайту, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру және радикалды идеологияның алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Back to top button