Терезеге блокиратор орнатуды ұмытпаңыз

Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау қаупі арта түседі. Осыған байланысты Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Биыл өңірде балалардың терезеден құлауына байланысты үш оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, оның бірі қайғылы жағдаймен аяқталған.
Мамандардың айтуынша, көпшілік сенетін масаға қарсы тор балаларды құлаудан қорғай алмайды. Сондықтан терезелерге арнайы блокиратор немесе қауіпсіздік құлпын орнату қажет. Сондай-ақ балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмау, терезе маңына өрмелеуге болатын жиһаз қоймау және қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру маңызды.
Қазіргі уақытта облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Қауіпсіз терезе» акциясын жалғастырып жатыр. Акция аясында көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 302 терезе блокираторы орнатылған. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілуде.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандарының айтуынша, терезеге орнатылған қарапайым блокиратор баланың өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, балаларды үнемі бақылауда ұстауға шақырады.