Қоғам

Қуғын-сүргін құрбандарының есімі жаңа басылымға енді

Ұлытау облыстық тарихи-археологиялық музейінде «Қарсақпай аудандық партия ұйымы “Үлкен террор” жағдайында. Құжаттар мен материалдар (1937–1938 жж.)» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.

Жинаққа 1937–1938 жылдары Қарсақпай аудандық партия ұйымының қызметіне қатысты архивтік құжаттар, партия пленумдары, конференциялар мен жиналыстардың материалдары енгізілген. Басылым сол кезеңдегі өңірдің қоғамдық-саяси ахуалын архив деректері арқылы жан-жақты көрсетеді.

Іс-шара барысында тарихтың ақтаңдақ беттерін зерттеп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ісіндегі архив құжаттарының маңызы ерекше аталды. Жинақты әзірлеуге сүбелі үлес қосқан құрастырушы Тұрғанбек Алланиязовқа Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаевтың Алғыс хаты табысталды.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Жұмажан Өтегенов бұл еңбектің өңір тарихы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, архив деректерін келешек ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу – тарихшылар, архившілер мен музей қызметкерлерінің ортақ міндеті.

Жинақтың басты ерекшелігінің бірі – кітап соңында саяси қуғын-сүргінге ұшырап, кейін толық ақталған 140 қарсақпайлықтың есімі алғаш рет бір басылымға топтастырылған.

Құрастырушы Тұрғанбек Алланиязовтың айтуынша, еңбектің негізгі мақсаты – 1937–1938 жылдары Қарсақпай аудандық партия ұйымында болған тарихи оқиғаларды архив құжаттары арқылы оқырманға жеткізу. Басылымдағы материалдар «Үлкен террор» жылдарында өңірде де саяси қуғын-сүргіннің кең көлемде жүргенін, партия және кеңес қызметкерлері мен өндіріс басшыларының жазықсыз айыпталып, кейін қудаланғанын нақты құжаттармен дәлелдейді.

Тұсаукесер соңында жинақтың алғашқы даналары облыс кітапханаларына, архив мекемелеріне, музейлерге және жоғары оқу орындарына табысталды. Мамандардың пікірінше, жаңа басылым өңірдің саяси тарихын зерттеуге тың серпін беріп, архив қорларындағы құжаттардың ғылыми айналымын кеңейтуге мүмкіндік ашады.

Back to top button