Ұлытау облысының шахматшысы Азия чемпионы атанды

Ұлытау облысының жас шахматшысы Мақсат Байсалбеков Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен 28-ші Азия чемпионатында тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол өңір тарихында алғаш рет Азия чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, Ұлытау облысы шахматының жаңа белесін бағындырды.
14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында бақ сынаған Мақсат жекелей рапид бәсекесінде қарсыластарының бәрінен озып шығып, Азия чемпионы атанды. Сонымен қатар ол рапидтен командалық сайыста алтын медаль, ал классикалық шахмат бойынша командалық турнирде күміс жүлде иеленді. Осылайша жерлесіміз құрлық біріншілігін үш медальмен аяқтады.
Биылғы Азия чемпионатына 29 елден келген дарынды шахматшылар қатысты. Мақсат өнер көрсеткен 14 жасқа дейінгі санатта 108 спортшы жеңіс үшін тартысты. Ол Үндістан, Қытай, Вьетнам және басқа да шахматы дамыған мемлекеттердің үздік өкілдерін артқа тастап, жоғары шеберлігін дәлелдеді.
Бұл жетістік Қазақстан құрамасы үшін де ерекше болды. Чемпионат барысында еліміздің қоржынына түскен екі алтын медальдің бірін дәл Мақсат Байсалбеков жеңіп алды. Тағы бір алтын жүлдені 10 жасқа дейінгі санатта астаналық Адинұр Әділбек иеленді.
Мақсаттың жеңісі оның арнайы шахмат академияларында немесе кәсіби дайындық орталықтарында білім алмай-ақ осындай биік нәтижеге жетуімен де құнды.
Жас чемпионның жетістігіне үлес қосқан бапкерлерге, Ұлытау облысының шахмат қауымдастығына, №3 облыстық мамандандырылған мектеп ұжымына, сондай-ақ Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірілді.
Мақсат Байсалбековтің тарихи жеңісі — Ұлытау облысы спортының ғана емес, Қазақстан шахматының да үлкен жетістігі.