Елімізде ТКШ мен энергетика саласын жаңғыртуға 625 млрд теңге бөлінді

2026 жылы Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) пен энергетика саласын жаңғыртуға 625 млрд теңге көлемінде қарыздық қаржыландыру тартылады. Бұл қаражат «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыруға бағытталмақ.
ҚР Үкіметінің мәліметінше, биыл ТКШ саласын қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Жобаға халықаралық қаржы институттары, қазақстандық екінші деңгейлі банктер және «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қатысады.
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың айтуынша, ұлттық жобаға жеке және шетелдік капитал тартылған. 2026 жылға мақұлданған қарыздық қаржыландырудың жалпы көлемі 625 млрд теңгені құрайды.
Оның ішінде алты жетекші халықаралық қаржы институтының қатысуы қарастырылған. Бұл ұзақ мерзімді әрі төмен құнды қаржы ресурстарын тартуға мүмкіндік беріп, нәтижесінде коммуналдық қызметтердің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, ұлттық жобаны іске асыру еліміздің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртып, энергетикалық жүйенің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.