Ұлытау облысында су айдындарында үш адам қаза тапты

Ұлытау облысында су айдындарында қайғылы оқиғалар тіркелді. 26–27 шілде аралығында өңірде үш адам суға кетіп, қаза тапты. Оқиғалардың барлығы шомылуға тыйым салынған аумақтарда болған.
Жаздың аптап ыстығында тұрғындардың өзен-көл жағасына жиі баруы қауіптің де артуына себеп болып отыр. Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында қауіпсіздік талаптарын түсіндіру мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізіп келеді. Алайда соңғы екі күнде болған үш қайғылы жағдай сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.
Мамандардың мәліметінше, қаза тапқандардың бірі – ересек адам, ал екеуі – кәмелетке толмаған балалар.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырады.
Құтқарушылардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын орындау ғана адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан азаматтарға тыйым салынған су айдындарына бармау және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау маңызды.