Ұлытау облысында өрт қауіпсіздігі бойынша қорытынды беретін жаңа бөлім құрылды

Ұлытау облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Техникалық нормалау бөлімі құрылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ТЖД Техникалық нормалау бөлімінің бастығы Руслан Шайхин мәлімдеді.
Жаңа бөлім адамдар жаппай жиналатын нысандар мен биіктігі 28 метрден асатын ғимараттардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін бағалап, оларды пайдалануға беру алдында арнайы қорытынды береді. Қорытындыны алу үшін өтініш «Электрондық үкімет» порталының «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы электронды түрде жолданады. Құжаттар екі жұмыс күні ішінде тексеріліп, толық болған жағдайда мамандар нысанға өрт-техникалық тексеру жүргізеді. Талаптарға сәйкес келген объектілерге өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды беріледі.
Сондай-ақ кеңейту, реконструкциялау, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру немесе күрделі жөндеуден өткен қолданыстағы нысандар да қайта пайдалануға берілер алдында міндетті түрде осы қорытындыны алуы тиіс.