Жезқазған сапалы жерасты суымен толық қамтамасыз етіледі

Жезқазған қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Облыс орталығына Үйтас және Айдос жерасты су кен орындарынан су жеткізу үшін арнайы ұңғымалар бұрғыланып жатыр.
Жоба аясында тереңдігі 100–120 метр болатын 19 ұңғыма қазу жоспарланған. Кейін жерасты суы ұзындығы 50 шақырымдық құбыр арқылы Жезқазғанға жеткізіледі.
Мамандардың айтуынша, Жезқазғанға су жеткізетін Үйтас–Айдос су құбыры өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ол қаланың қажеттілігінің небәрі 30 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Осыған байланысты 2022 жылдан бері су жүйесін жаңғыртуға арналған төрт кезеңдік жоба іске асырылып келеді.
Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, Айдос жерасты су кен орнында тоғыз ұңғыма бұрғыланады. Жер қыртысының тастақты әрі күрделі болуына қарамастан, алғашқы жұмыстар барысында-ақ ауызсуға жарамды жерасты суы анықталған. Ұңғымалар толықтай заманауи жабдықтармен қамтылады.
Жобаның жалпы құны – 8,8 млрд теңге. Қаржының негізгі бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген.
Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Аслан Арыновтың айтуынша, Үйтас және Айдос кен орындарынан жылына 22,6 миллион текше метр су алу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш қаладағы су тұтыну көлемін толық жабуға мүмкіндік береді. Жобаны келесі жылы аяқтау көзделген.
Сонымен қатар, облыс орталығында ауызсу сапасын арттыруға бағытталған тағы бір маңызды жоба жүзеге асуда. Қалаға жеткізілген суды тазалайтын гидроцех күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жаңғырту аяқталғаннан кейін кәсіпорын мембрандық технология арқылы жұмыс істеп, ауызсудың сапасын едәуір жақсартады.