Облыста қызылша ауруы 7,8 есеге өсті

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес жұқпалы ауруларға қарсы вакцинация халық үшін міндетті болып табылады. Барлық жоспарлы профилактикалық екпелер тегін жүргізіледі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді.
Вакцинацияның арқасында елімізде дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, паротит, В вирустық гепатиті, полиомиелит, туберкулез және гемофильді инфекция сияқты көптеген қауіпті жұқпалы аурулардың таралуы едәуір төмендеді. Қазақстанда жыл сайын инфекциялық ауруларға қарсы шамамен 5 миллион адам, оның ішінде 1,3 миллион бала вакцина алады. Полиомиелит елімізде толық жойылған болса, сіреспе мен В вирустық гепатиті бойынша бүгінде тек жекелеген жағдайлар ғана тіркеледі. Ал дифтерия ауруы көптеген жылдар бойы тіркелген жоқ.
Қазіргі таңда Қазақстанның Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне 21 инфекцияға қарсы вакцина енгізілген. Олар туберкулез, В гепатиті, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді және пневмококк инфекциялары, қызылша, қызамық, паротит және басқа да қауіпті аурулардың алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусына (HPV) қарсы вакцинация да ұлттық күнтізбеге енгізілді.
Жыл сайын қолданылатын вакциналардың сапасы жетілдіріліп келеді. Заманауи аралас вакциналар бір ғана екпенің көмегімен балаларды бірнеше инфекциядан қорғауға мүмкіндік береді. Бұл балалар үшін де, ата-аналар үшін де қолайлы әрі қауіпсіз. Барлық қолданылатын вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста вакцинамен басқарылатын инфекциялардың ішінде қызылша ауруының өсуі байқалды. Осы кезеңде зертханалық расталған 94 жағдай тіркелсе, өткен жылдың осы мерзімінде 12 жағдай ғана анықталған. Ауруға шалдыққандардың 92,6 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде бір жасқа дейінгі сәбилердің үлесі де жоғары.
Тіркелген 94 жағдайдың ішінде тек 10 адам ғана вакцина алған болса, 84 науқас екпе алмаған. Вакцинациядан өтпегендердің басым бөлігін ата-анасының жоспарлы екпеден бас тартуы құрайды. Сонымен қатар медициналық қарсы көрсетілімдер мен екпе жасына жетпеу де вакцинацияланбау себептерінің қатарында.
Қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында облыста жоспарлы вакцинациямен қатар қосымша иммундау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 6–10 жас аралығындағы 1255 бала, 2–5 жас аралығындағы 486 бала, 7–18 жас аралығындағы 948 бала вакцина алды. Сондай-ақ 30 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері толық қамтылды.
Облыста адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация да жалғасуда. Бүгінде 11–13 жас аралығындағы 924-тен астам қыз бала вакцинаның бірінші дозасын алған, ал 497 қыз екінші дозамен қамтылған. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 13 мамырдағы қаулысына сәйкес 14–17 жас аралығындағы қыздарға қосымша иммундау жүргізіліп, бүгінгі күні 611 қыз вакцинацияланды.
2026 жылдың алғашқы алты айында облыс бойынша профилактикалық екпеден 920 бас тарту жағдайы тіркелген. Бас тартудың ең жоғары көрсеткіші бір жасқа дейінгі балалар арасында байқалады. Мамандардың мәліметінше, бас тартудың негізгі себептері – вакциналарға сенімсіздік, жеке көзқарастар және интернет пен әлеуметтік желілерде таралған жалған ақпарат.
Дәрігерлер вакцинацияның әрбір баланы ғана емес, тұтас қоғамды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайтын ең тиімді әдіс екенін атап өтеді. Сондықтан ата-аналар баласының вакцина мәртебесін тексеріп, жоспарлы екпелерді уақытында алуына жауапкершілікпен қарауы қажет. Денсаулыққа қатысты маңызды шешім қабылдағанда әлеуметтік желідегі дәлелсіз ақпаратқа емес, білікті медицина мамандарының кеңесіне сүйенген жөн.