Мәдениет

Қаражал қаласында «Summer Fest» жазғы фестивалі өтті

2026 жылғы 20 тамыз күні Ұлытау облысының Қаражал қаласында жастарға арналған «SUMMER FEST» жазғы фестивалі өтті.

Іс-шара тұрғындардың мәдени демалысын ұйымдастыруға, жастардың шығармашылық әлеуетін қолдауға, мәдени-рухани құндылықтарды дәріптеуге және қоғамдық-мәдени өмірге белсенді араласуына жағдай жасауға бағытталды.

Фестиваль аясында көрермендерге мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Кеш барысында Фархат Мейраш, Қызғалдақ Әуесханқызы, Мәди Ахметқожа, Балауса Абдуалиева, Шырақбек Сері және «Арай» шоу би ансамблі өнер көрсетті.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – фестивальдің арнайы хедлайнерлері AUKA мен Мәди Қадыровтың өнер көрсетуі болды. Сонымен қатар көрермендермен интерактив ұйымдастырылып, фестиваль қатысушылары көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын әсерге бөленді.

Іс-шара барысында «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» тақырыптарында ақпараттық блоктар өткізіліп, қоғамдық қауіпсіздік, тәртіпті сақтау, интернет алаяқтарынан сақтану және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне назар аударылды.

«SUMMER FEST» фестивалі Қаражал қаласының тұрғындары мен қонақтарының басын қосып, жазғы кештің ерекше атмосферасын қалыптастырған жарқын мәдени іс-шаралардың бірі болды.

Back to top button