Басты жаңалықҚоғам
Тренд

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда мемлекеттік басқару, салық, көлік, онлайн-сауда, электрсамокаттар, жеке деректер және мобильді төлемдер сияқты көптеген салаға қатысты маңызды өзгерістер күшіне енеді.

Жаңа Конституция күшіне енеді

1 шілдеден бастап жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енеді.

Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның күші жойылады. Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізеді. Президенттің өкілеттігі кеңейіп, Парламенттің бақылау функциялары қысқарады.

Екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылады. Сонымен қатар вице-президент лауазымы енгізіледі. Ол Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған немесе өз міндетін атқара алмаған жағдайда мемлекет басшысының міндетін атқарады.

Президентке Жоғарғы сот, Конституциялық сот, Орталық сайлау комиссиясы, ҰҚК және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларын Парламенттің келісімінсіз тікелей тағайындау құқығы беріледі.

Конституцияда азаматтардың заң жобаларын талқылап, ұсыныс енгізуіне мүмкіндік беретін «Халық Кеңесі» платформасы бекітіледі.

Жеке деректерді қорғау күшейеді

Жаңа Конституция азаматтардың жеке өміріне қол сұқпауды күшейтеді. Заңсыз түрде цифрлық деректерді жинауға, пайдалануға және сақтауға жол берілмейді.

Сондай-ақ ұсталған адамға оның құқықтары мен бостандығын шектеу себептері бірден түсіндірілетіні Конституцияда бекітіледі.

Азаматтардың табиғатты қорғау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау міндеттері де нақты жазылады.

Конституцияның 91-бабынан Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретіндегі мәртебесі туралы норма алынып тасталады.

Конституция күні енді 15 наурызда атап өтіледі. Ал 30 тамыз мемлекеттік мереке әрі демалыс күні болмайды.

Құрылыс кодексі жаңарады

1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді.

Құжат құрылыс саласын цифрландыруды, жобаларды міндетті сараптамадан өткізуді, әрбір құрылыс нысанына бірегей нөмір беруді және eQurylys пен Градкадастр жүйелері арқылы цифрлық бақылауды енгізуді көздейді.

Сейсмикалық қауіпсіздікке қойылатын талаптар күшейтіліп, мемлекеттік бақылау кеңейтіледі. Сонымен қатар мердігерлердің кепілдік мерзімі ұзартылып, лицензиялау талаптары қатаңдайды.

Қала құрылысына жаңа талаптар енгізіледі

Енді бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары қоғамдық тыңдаудан, мәслихаттың келісімінен және мемлекеттік сараптамадан өтеді.

Сонымен қатар сейсмикалық аймақтардағы ғимараттарды паспорттау жүргізіліп, жосықсыз құрылыс салушылардың электрондық тізілімі жасалады.

Газ бағасы көтеріледі

1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасын шамамен 33%-ға көтеру жоспарланып отыр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл газ саласына инвестиция тарту және жаңа кен орындарын игеру үшін қажет. Бағаны кезең-кезеңімен үш жыл ішінде көтеру жоспарланған.

Бұл өзгеріс сұйытылған мұнай газының бағасына әсер етпейді.

Теміржол билеттерінің бағасы өзгереді

Жолаушылар пойыздарының билет бағасын есептеу тәртібі өзгереді.

Енді жоғарғы және төменгі орындардың бағасы бөлек есептеледі.

Сонымен қатар теміржол тарифтерін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр.

Онлайн сатып алуларға жаңа талаптар енгізіледі

Шетелдік маркетплейстерден сатып алынатын тауарларға жаңа кедендік ережелер енгізіледі.

Құны 200 еуродан асатын тауарларға толық құны бойынша 5% кедендік баж және 16% ҚҚС салынады.

Қазақстан немесе ЕАЭО аумағындағы маркетплейстер арқылы сатылатын тауарларға бұл талап қолданылмайды.

Шілдедегі демалыс күндері

2026 жылы Астана күні 6 шілде – дүйсенбіге сәйкес келеді.

Бес күндік жұмыс аптасында қазақстандықтар 4, 5 және 6 шілде күндері қатарынан үш күн демалады.

Электрсамокаттарға қатысты жаңа талаптар

1 шілдеден бастап электрсамокаттарды пайдалануға қойылатын талаптар күшейтіледі.

Самокатты тек жүргізуші куәлігі бар, 18 жасқа толған азаматтар ғана жалға ала алады.

Барлық прокаттық электрсамокаттарға мемлекеттік нөмір мен міндетті сақтандыру енгізіледі.

Жол қозғалысы ережелері өзгереді

12 шілдеден бастап полиция қызметкерлері көлікті тоқтатқан кезде тоқтату себебін бірден түсіндіруге және жүргізушінің талабы бойынша қызметтік куәлігін көрсетуге міндетті болады.

Сонымен қатар орташа жылдамдықты автоматты камералар арқылы анықтау тәртібі енгізіледі.

Бірыңғай QR-код іске қосылады

19 шілдеден бастап банктер арасындағы бірыңғай мобильді төлем жүйесі жұмысын бастайды.

Қазақстандықтар кез келген банктің қосымшасы арқылы бірыңғай QR-кодпен төлем жасап, телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады.

Кәсіпкерлер POS-терминалмен қатар QR-код арқылы төлем қабылдауға міндеттеледі.

Жеке деректерді қорғау күшейтіледі

12 шілдеден бастап жеке деректердің таралуы анықталған жағдайда операторлар бұл туралы бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органға хабарлауы тиіс.

Ал азаматтарға ақпарат eGov порталы, мобильді қосымша немесе SMS арқылы жеткізіледі.

Әскерге шақыру цифрландырылады

4 шілдеден бастап әскерге шақыру рәсімі толық цифрлық форматқа көшеді.

Шақырылушылар туралы мәліметтер, медициналық қорытындылар және комиссия шешімдері электронды түрде рәсімделеді.

Жаңа әуе бағыттары ашылады

Шілде айында FlyArystan Астана – Тамшы (Ыстықкөл), Air Astana Астана – Дубай бағытындағы рейстерді қайта іске қосады. Сонымен қатар SunExpress Измир – Алматы бағыты бойынша жаңа рейстер ашады.

Back to top button