Денсаулық

Мектеп формасын сатып алғанда неге мән беру керек?

Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналар мектеп формасын таңдауға кіріседі. Киімнің бағасы мен сыртқы үлгісі маңызды болғанымен, ең алдымен оның бала денсаулығына қауіпсіздігіне мән берген жөн.

Мектеп формасына қойылатын талаптар ТР КО 007/2011 «Балалар мен жасөспірімдерге арналған өнімдердің қауіпсіздігі туралы» және ТР КО 017/2011 «Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерімен белгіленген.

Балалар киімі терімен ұзақ уақыт жанасатындықтан, оның матасы қауіпсіз әрі гигиеналық талаптарға сай болуы қажет. Атап айтқанда, матаның ауа өткізгіштігі, ылғал сіңіргіштігі және бояуының тұрақтылығы ескеріледі. Сондай-ақ киім құрамындағы химиялық заттардың, соның ішінде формальдегидтің мөлшері белгіленген қауіпсіздік деңгейінен аспауы тиіс.

Мектеп формасын сатып аларда ата-аналар өнімнің таңбалануына да назар аударғаны дұрыс. Жапсырмада бұйымның атауы, өндіруші туралы ақпарат, өлшемі, талшықтық құрамы және күтім жасау тәртібі көрсетілуі керек. Сонымен қатар өнімнің ЕАС белгісінің болуын тексерген жөн. Бұл оның Еуразиялық экономикалық одақтың белгіленген талаптарына сәйкестігін растау рәсімінен өткенін білдіреді.

Киімнің өлшемі мен пішіні де маңызды. Форма баланың дене бітіміне сәйкес келіп, қозғалысын шектемеуі қажет. Түйме, сыдырма секілді фурнитуралар берік бекітілуі тиіс.

Мамандар ата-аналарға мектеп формасын тек сыртқы түріне қарап таңдамауға кеңес береді. Сатып алар алдында матаның сапасын, тігістерін, киімнің иісін және таңбалануын мұқият тексерген жөн. Қажет болса, сатушыдан өнімнің сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрауға болады.

Мектеп формасын таңдауда үш негізгі қағиданы есте ұстаған жөн: сапа, қауіпсіздік және балаға қолайлылық. Өйткені баланың мектептегі жайлылығы мен денсаулығы күн сайын киетін киімінен де басталады.

Back to top button