Білім

Мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағытында жаңартылуда

Қазақстанда мектептегі білім беру мазмұны жасанды интеллект дәуірінің талаптарына сай жаңартылып жатыр. Бұл жұмыс технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және жасанды интеллектінің қоғам өмірінің барлық саласына кеңінен енуіне байланысты жүзеге асырылуда.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, білім беру мазмұнын жаңарту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінен бастап кезең-кезеңімен жүргізілуде. Кейін бұл бағыттың құқықтық негізі де күшейтілді. Атап айтқанда, 2025 жылғы қарашада «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданса, 2026 жылғы мамырда орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Президент Жарлығы шықты.

Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңартылды. Соның нәтижесінде 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгертілді.

Жаңарту тек пән атауларымен шектелмейді. Оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы саны 43 жаңа оқу мақсаты қамтылды.

Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектпен күнделікті өмірдегі қарапайым мысалдар арқылы танысып, цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және интернеттегі жауапты мінез-құлық негіздерін меңгереді.

5–9-сынып оқушылары жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде тиімді пайдалану, сауатты сұраныстар құрастыру, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалау, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын сақтау дағдыларын игереді.

Ал 10–11-сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері оқытылып, жасанды интеллектінің жұмыс істеу қағидаттарын практикада қолдануға басымдық беріледі.

Министрлік мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында апробациядан сәтті өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекітілу сатысында. Сонымен қатар педагогтерге білім беру процесінде жасанды интеллектіні тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.

Back to top button