Қоғам

ХҚКО-лар кезексіз жұмыс істейтін AI қызмет көрсету офисіне айналады

Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарының форматы өзгеріп, олар заманауи цифрлық кеңістіктерге трансформацияланып жатыр. Бұған мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа көшуі себеп.

Соңғы жылдары ХҚКО-ларға келетін азаматтар саны 30%-ға азайған. ЭЦҚ рәсімдеу, көлікті алғаш тіркеу, жер учаскесіне акт беру, жылжымайтын мүлікке кадастрлық паспорт рәсімдеу секілді бірқатар қызмет алғаш рет онлайн қолжетімді болды.

Енді ХҚКО-ларда кезек күту азайып, азаматтарға қызмет көрсету жаңа форматта ұйымдастырылады. Жалпы аумақтың 70%-ын экспресс-аймақ құрайды. Мұнда тұрғындар eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы қажетті қызметтерді өз бетінше ала алады.

Сонымен қатар орталықтарда консультант көмегін алуға арналған сараптамалық және оқыту аймақтары қарастырылған.

Алғашқы заманауи цифрлық офис Жезқазған қаласында ашылды. Кейін мұндай орталықтар Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында іске қосылды.

Бірнеше айдың ішінде цифрлық офистерде 4 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілді.

Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Back to top button