Облыста 27 азаматтың мемлекеттік қызмет алу құқығы қалпына келтірілді

Ұлытау облысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасына жүргізілген бақылау нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды.
Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуі – азаматтардың құқығын қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті денсаулық сақтау ұйымдарындағы мемлекеттік қызметтердің көрсетілуіне сыртқы бақылау жүргізді.
Тексеру барысында азаматтарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарға бекіту қызметіне қатысты кемшіліктер анықталған. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, электрондық үкімет порталы арқылы түскен өтініш бір жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Алайда бақылау барысында 27 өтініш бойынша қызмет алушыларға тиісті нәтиже ұсынылмағаны белгілі болды.
Департамент анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылдап, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірді. Нәтижесінде 27 қызмет алушының өтініші қаралып, олар емханаларға бекітілді. Департаменттің мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмысы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Бастысы – азамат өтінішінің уақытында қаралуы ғана емес, мемлекеттік қызметтің заң талаптарына сай көрсетілуі.